Шала туған нәрестелер үшін ана сүті мен ананың мейірімі ерекше маңызды
Шала туған нәрестелер үшін ана сүті – ең құнды тағам. Ол баланың иммунитетін нығайтуға, жұқпалы аурулардың қаупін азайтуға, сондай-ақ дені сау болып өсіп-жетілуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар «кенгуру» әдісінің маңызы зор. Бұл – ана мен нәрестенің ұзақ уақыт бойы «терімен теріге» жанасуы. Мұндай байланыс нәрестенің дене қызуын сақтауға, тыныс алуы мен жүрек соғысын тұрақтандыруға, күйзеліс деңгейін төмендетуге және ана сүтімен сәтті қоректендіруге көмектеседі.
Бұдан бөлек, бұл әдіс ана сүтінің бөлінуін ынталандырып, ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтады.
Жаңа бейнероликте ұлттық тренерлер шала туған нәрестеге күтім жасау, «кенгуру» әдісінің артықшылықтары және оның ана сүтімен сәтті қоректендіруге қалай ықпал ететіні туралы баяндайды.
Бұл материал Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕТДҚ) қаржыландыруымен жүзеге асырылатын «Балаға достық қарым-қатынас қағидаттарын ұстанатын ауруханаларда емшек сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және ынталандыру» жобасы аясында дайындалды.







