ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨШПЕЛІ КАРДИОЛОГИЯ МЕКТЕБІ ӨТТІ
Бүгін Қызылорда көпбейінді облыстық ауруханасында «Қазақстандық жүрек жеткіліксіздігі жөніндегі мамандарының кардиология қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көшпелі кардиология мектебі өтті. Кардиология мектебі терапевтерге, кардиологтарға, жалпы практика дәрігерлеріне, функционалдық диагностика мамандарына, штаттан тыс бейінді дәрігерлерге арналды. Шараның басты мақсаты — өңір медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру. Көшпелі мектеп аясында бірқатар маңызды тақырыптар бойынша шеберлік сабақтары мен дәрістер өткізілді.
Атап айтқанда:
• «Өкпелік гипертензия»,
• «Жеткілікті фракциясы сақталған жүрек жеткіліксіздігін эхокардиографиялық диагностикалау»,
• ЭхоКГ бойынша шеберлік сабағы: жүректің систолалық және диастолалық функциясын бағалау, клапан дисфункциясын анықтау және оперативтік емге көрсеткіштерді белгілеу. Аталған тақырыптар бойынша UMC корпоративтік қоры «Жүрек орталығы» филиалының жоғары санатты кардиолог дәрігері Әбілдаева Рысбала Сәкенқызы мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ, UMC корпоративтік қоры «Жүрек орталығы» филиалының амбулаториялық қызметінің жетекшісі, Астана қаласының бас штаттан тыс кардиологы Тәуекелова Айнұр Төлепбергенқызы келесі өзекті тақырыптар бойынша дәріс оқыды:
• «Созылмалы жүрек жеткіліксіздігін диагностикалау және емдеу»,
• «Артериялық гипертензия: диагностикасы және емі»,
• «Жүкті әйелдердегі артериялық гипертензияны диагностикалау мен емдеудің ерекшеліктері».
Іс-шара аясында тәжірибе алмасу, күрделі клиникалық жағдайларды талқылау, сондай-ақ диагностика мен емдеудің тиімді жолдарын қарастыру жүргізілді.
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас кардиологы Қоразов Ғалымжан Қуантайұлы өз сөзінде көшпелі кардиология мектебінің практикалық дағдыларды жетілдіруге, жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға және тиімді ем жүргізуге үлкен ықпал ететінін атап өтіп, шақырылған әріптестеріне алғысын білдірді