​ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Көпбейінді облыстық ауруханада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Ел тыныштығы мен халық денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілген шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Мерекелік жиында аурухананың бірқатар мамандары Алғыс хаттармен марапатталды. Аурухана директорының орынбасары Гүлсім Балтабайқызы ер азаматтарды мерекемен шын жүректен құттықтап, жауапты қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі.

– "Денсаулық сақтау саласында еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Адам өмірі мен денсаулығын сақтауда ер азаматтардың еңбегі ерекше. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жанашырлықтарыңыз халықтың алғысына лайық," – деді ол өз сөзінде.

Шара барысында мерекелік концерт ұйымдастырылып, әсем әндер шырқалып, көркем би қойылымдары көрермен көңілінен шықты. Мерекелік бағдарламаны аурухананың нәзік жанды қызметкерлері дайындап, әріптестеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл шара мерекенің мәні мен маңызын айшықтай түсті.