ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН ТОЛЫҚТЫ
Аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының қолдауымен Көпбейінді облыстық ауруханаға жаңа 128 кескінді GE Evolution КТ аппараты орнатылып, іске қосылды.
Бүгін аурухананың жаңашыл жұмыстарымен танысуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы келді. Басқарма басшысы Олжас Ермекұлы халық денсаулығын жақсарту үшін жасалып жатқан игі істерге тоқталды. Аурухана директоры Жасұлан Болатбекұлы жаңа технологияның жұмысымен таныстырды.
Бұл аппараттың ерекшелігі қазіргі заманауи программалармен қамтылған. Соның ішінде ерекше атап айтар болсақ, жүрек қан тамырларын контрастты зерттеулерін айтуға болады, яғни жүректің қызметін және жүрек тамырларының өткізгіштігін бағалауға мүмкіншілігі зор. Алдағы уақытта аппараттың барлық мүмкіншіліктерін пайдалана отырып адамдардың сырқатын ерте анықтап, халқымыздың денсаулығын нығайтуға үлес қосады. Қазіргі таңда жаңа КТ аппаратта күніне 20-25 зерттеулер жүргізіледі, жылына орта есеппен 6000-ға жуық зерттеулер жоспарлануда, оның жартысы контрастты зерттеулер.
Айта кету керек, аурухананың КТ және МРТ бөлімшесі 2010 желтоқсан айында ашылып, КТ және МРТ аппараттары іске қосылды. Атап айтатын болсақ сол жылдардағы соңғы үлгідегі Германиялық SIEMENS фирмасының КТ аппараты 64 кескінді (срезовый) және 1,5 Тесло МРТ аппараттары қондырылған болатын. Германиялық 64 кескінді SIEMENS КТ аппараты ескіруіне байланысты есептен шығарылды. Аппараттардың эксплуатация мерзімі 10жыл. SIEMENS КТ аппараты 2021 жылдан бастап жұмыс істемейді. Мамандардың қорытындысы бойынша аппаратты қайта қалпына келтіру мүмкін еместігі айтылды. Себебі: қосалқы бөлшектері заводтан шықпайтыны жөнінде айтылды.
2023 жылдың желтоқсан айынан бастап МРТ кабинетінің күрделі жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда жаңадан Америкалық GE SIGNA EXPLORER 1,5 Теслолық МРТ аппараты орнатылып, наурыз айында жұмысын бастады. Қазіргі таңда МРТ аппараты өзіміздің мекемемізде ашылуына байланысты күніне 20-25 зерттеулер жүргізуге мүмкіншілігі зор. Жылына 7500 тексерулер жоспарлануда.







