ОБЛЫС ДӘРІГЕРЛЕРІ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Қызылордада алғаш рет «Шекарасыз гастроэнтерология: ішектің қабыну аурулары және гепатология» тақырыбында конференция мен мастер-класс өтті.

Іс-шараны өткізудің мақсаты — жалпы бейінді дәрігерлер, терапевтер, гастроэнтерологтар, хирургтар және эндоскопистер үшін гастроэнтерология саласында үздіксіз кәсіби даму бағдарламаларының қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Басқосуда ішектің қабыну аурулары мен бауыр ауруларын диагностикалау және емдеудегі заманауи жетістіктер туралы мамандардың хабардарлығын арттыруға ерекше назар аударылды. Конференцияға Астана, Орал және Қызылорда облысының дәрігерлері қатысты.

Гастроэнтерология саласындағы жетекші мамандар Досжан Айнұр Дүкенбайқызы, PhD, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ терапия бөлімінің басшысы, дәрігер-гастроэнтеролог; Наурызбаева Асылтай Наурызбайқызы, дәрігер-гастроэнтеролог, жоғары санатты хирург-колопроктолог, ішектің қабыну аурулары бойынша маман баяндамалар мен мастер-класстар өткізді.

Қазіргі таңда Крон ауруы мен спецификалық емес ойық жаралы колит секілді ішектің қабыну ауруларының көбеюі, сондай-ақ майлы гепатоз және өт-тас ауруы (ЖҚА) жағдайларының артуы байқалады.