​НЕГІЗГІ МІНДЕТ — НӘРЕСТЕ ӨЛІМІН ТӨМЕНДЕТУ

Баршаңызға белгілі Көпбейінді облыстық ауруханада жыл басында 70 орындық перинаталдық бөлім ашылып, бүгінде қарқынды жұмыс істеп тұр. Жаңадан ашылған бөлім перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, түрлі сырқаты бар жүкті әйелдерге көмек көрсетуде. Облыстағы аналардың денсаулығын қорғау бағытындағы игі іс бүгінде оң нәтиже беруде.

Перинаталдық бөлімнің “Жан сақтау жане нәрестелер патологиясы” бөлімшесі бар. Бекжанова Индира Ерболатқызы жетекшілік ететін бөлімшеде сегіз білікті дәрігерлер еңбек етеді. Матенова Гүлназ Бақытбекқызы, Ақжанова Айгүл Алтынқызы, Бакирова Әйгерім Асанбекқызы, Ақтолқын Кенжебайқызы, Талқанбаева Жазира Серікқызы, Дүзелбаева Махаббат Сапарбекқызы, Сейілова Гүлзат Аяпбергенқызы жоғары және бірінші санатты неонатолог-дәрігерлер. Жыл басынан бері аталған бөлімшеде 183 нәресте шала туылған. Тәжірибелі мамандар мерзімінен бұрын шала туған және күні жеткен нәрестелерге қарқынды ем көрсетуде. Неонатальді блокта шақалақтың өкпе тінінің жетілуіне арналған жаңа технологиялар және заманауи диагностикалық және емдеу аппаратура қондырылған.

17 қараша — бүкіл әлемде Халықаралық шала туған нәрестелер күні. Бұл күн нәресте шала туылмас үшін жүктілік кезінде баланың ауруларын ерте диагностикалау және неонатальды скринингтен өтудің маңыздылығын еске салады.