МЕЙІРГЕРЛІК ПРАКТИКАНЫ КЕҢЕЙТУ: ПРОФИЛАКТИКАНЫҢ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ ЖӘНЕ КЕЗЕКТЕРДІ АЗАЙТУ
Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесінде мейіргерлердің дербес қабылдау практикасы дамып келеді. Бұл – пациенттер үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыруға бағытталған жүйелі өзгерістердің бір бөлігі.
Мейіргерлер дәрігердің қарауын талап етпейтін өтініштерді қабылдап, дәрігерлерге күрделі клиникалық жағдайларға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Мейіргер келесі қызметтерді жүзеге асырады:
● дәрігерге дейінгі тексеру – қан қысымын, бой мен салмақты өлшеу, теріні, лимфа түйіндерін, ісіктерді қарау;
● ауыз қуысы мен сүт бездерін қарау – онкологиялық аурулардың белгілерін анықтау үшін;
● сауалнамалар мен чек-парақтар жүргізу – өкпе обыры, асқазан-ішек жолдары, жүрек-қантамыр аурулары қаупін бағалау үшін;
● инфаркт пен инсульт қаупі топтарын анықтау: семіздікті анықтау, қан қысымын өлшеу, ЭКГ, холестерин және липидтік спектрге жіберу;
● созылмалы аурулары бар пациенттерді қадағалау (мысалы, қант диабеті кезінде): қандағы қант деңгейін бақылау, аяқ күтімі, дұрыс тамақтану бойынша ұсынымдар беру;
● сауалнама жүргізу: тамақтану, ұйқы мәселелері, салмақтың азаюы немесе артуы туралы мәліметтер жинау;
● пациенттерді скринингтер мен вакцинациялауға шақыру;
● динамикалық бақылауда тұрған созылмалы аурулары бар пациенттер үшін әрі қарай бақылау жоспарын құру.
Сонымен қатар, мейіргердің дербес қабылдауы дәрігер қарауын алмастырмайды және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сапаны бақылау жүйесі бар нақты регламенттер аясында жүзеге асырылады.
Кеңейтілген мейіргерлік практиканың тиімділігі мынадай артықшылықтарды көрсетті: дәрігерге кезектердің азаюы, пациенттердің уақытын үнемдеу, ауыр науқастарға дәрігерлердің көбірек көңіл бөлуі, клиникалық-диагностикалық зертханаларға жолдамаларды дәрігер қабылдауын күтпей жедел алу мүмкіндігі.







