​ЕКІ КҮНДІК МАСТЕР-КЛАСС ӨТУДЕ

Көпбейінді облыстық ауруханада тізе буынының мениск түбірі (корень мениска) жыртылуын емдеуге арналған заманауи артроскопиялық әдістер бойынша екі күндік мастер-класс ұйымдастырылды. Бұл оқу-тәжірибелік шараның мақсаты – өңір дәрігерлерінің біліктілігін арттырып, тізе буынының күрделі жарақаттарын емдеудің жаңа технологияларын меңгерту.

Мастер-классты травматология және ортопедия саласының білікті маманы, медицина ғылымдарының кандидаты, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы ортопедия бөлімінің меңгерушісі Ерик Қанатұлы Раймагамбетов жүргізді. Ол қатысушыларға тізе буынының анатомиялық ерекшеліктері мен мениск түбірі жыртылуының диагностикасы мен емдеу тәсілдерін жан-жақты түсіндірді.

Оқу барысында «тізе буыны ішкі мениск артқы түбірінің үзілуін транстибиалдық фиксациялау» тақырыбында күрделі артроскопиялық операция көрсетілді. Бұл әдіс аз инвазивті болып табылады, яғни буынға үлкен кесу жасалмай, арнайы құралдар мен камера арқылы операция орындалады. Операция кезінде жыртылған мениск (корень мениска) түбірі жіліншік сүйегі арқылы бекітіліп, өз орнына қайта қалпына келтірілді.

Мұндай заманауи әдістер науқастың тезірек сауығуына, ауырсынудың аз болуына және асқыну қаупінің төмендеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрігерлер нақты операция барысында тәжірибе алмасып, жаңа хирургиялық техникаларды меңгеруде.

Жалпы алғанда, мұндай заманауи емдеу әдістері менисктің функционалдық қызметін сақтап қана қоймай, оның қызмет ету мерзімін ұзартады. Сонымен қатар тізе буынындағы дегенеративті өзгерістердің, соның ішінде гонартроздың дамуының алдын алуға мүмкіндік береді.