​ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУ ДАМИ ТҮСУДЕ

Бүгін Көпбейінді облыстық ауруханада заманауи ситуациялық орталық ашылып, жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық-ақпараттық жүйе жобасы іске қосылды. Бұл бастама өңірдегі денсаулық сақтау саласын цифрландыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпатта, аурухана директоры Жасұлан Баймаханов және сала ардагерлері қатысты.

Ситуациялық орталық аясында 27 медициналық ұйым бірыңғай платформаға біріктірілді. Нәтижесінде диагностиканың сапасы артып, ісіктерді ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі кеңейді, сондай-ақ адами фактор айтарлықтай төмендеді.

Сонымен қатар, 30 төсектік ревматология, 15 төсектік эндокринология және 25 төсектік гастроэнтерология бөлімшелері ашылып, өңір тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артты.

Аталған бастамалар денсаулық сақтау саласын цифрландыруды дамытуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.