Бүгін өңірлік мейіргерлердің біліктілігін арттыру бағытында көшпелі семинар өтті.
«Көп бейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ КМК базасында облыстың мейіргер ісі мамандарына арналған «Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және атеросклероз мектебі» тақырыбындағы көшпелі семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шара Қазақстан Республикасында қанайналым жүйесі аурулары кезінде медициналық көмекті жетілдіруге арналған 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру аясында өткізілді.
Семинардың мақсаты – атеросклероз және липидтер алмасуының бұзылыстары кезінде медициналық көмекті жетілдіру, дислипидемия мектебінің жұмысын дамыту және өңірлік мейіргерлердің кәсіби білімін арттыру.
Семинарға «Қазақстандық атеросклероз қоғамы» РҚБ мүшелері, University Medical Center корпоративтік қорының тәжірибелі мамандары қатысты:
Әбішева Индира Ермекқызы – кардиохирургия бөлімшесінің аға мейіргері;
Исупова Меруерт Темірғалиқызы – диагностикалық орталықтың кеңейтілген практикадағы мейіргері.
Оқу барысында қатысушылар:
- атеросклероздың даму механизмдері мен қауіп факторларын;
- бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде ерте диагностикалау тәсілдерін;
- пациенттерді жүргізу алгоритмдерін;
- статиндік терапиядағы мейіргердің рөлін;
- созылмалы жүрек жеткіліксіздігін анықтау және қауіп деңгейін бағалау әдістерін;
- пациентпен тиімді коммуникация және емге бейілділікті қалыптастыру қағидаларын;
- клиникалық жағдайларды талдау мен тәжірибелік дағдыларды;
- «Амандық» мобильді қосымшасын пациенттерді бақылауда тиімді пайдалану жолдарын меңгерді.
Мұндай білім беру іс-шаралары өңірдегі мейіргерлік қызметтің кәсіби әлеуетін арттыруға, қанайналым жүйесі ауруларының алдын алу мен басқаруда заманауи тәсілдерді енгізуге және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған.







