БЕЛСЕНДІ ЖАС МАМАН — ҒАЗИЗ АЛДАМЖАРОВ
Әкеден ұл туса – игі, Әкенің жолын қуса – игі” деген дана халқымыз. Қаламыздағы жоғары санатты дәрігер-рентгенолог Болат Алдамжаровтың ұлы Ғазиз Алдамжаров бүгінде Көпбейінді облыстық ауруханада рентгенолог болып жұмыс істейді. Ғазиздың анасы Кенжегүл Марғалиқызы да Көпбейінді облыстық ауруханада табан аудармай еңбек етіп келеді. Дәрігердің отбасында дүниеге келіп, тәлім алған Ғазиздың өз мамандығына деген құлшынысы бөлек.Ғазиз қаладағы №12 І.Қабылов атындағы орта мектепте және қазақ-түрік лицейінде орта білім алған. Дәрігер болуды армандап, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетіне "Жалпы медицина" факультетіне оқуға түскен. Кейін "Сәулелік диагностика" мамандығы бойынша резидентурада білім алды. Жас маман еңбек жолын2020 жылы пандемия уақытында Көпбейінді облыстық ауруханадан бастады. Пандемияның қиын кезеңінде белсенді еңбек етті. Қабылдау бөліміне келген барлық науқастың өкпесін ренгенге түсіріп, әріптестерімен бірге COVID-19-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде болды. Содан бері ізденімпаз дәрігер еңбек жолын жемісті жалғап келеді. Ғазиздың жұбайы Ляйля Бауыржанқызы да дәрігер. Облыстық балаларды оңалту орталығында неонатолог дәрігер болып жұмыс істейді. Қос дәрігердің Диана, Медина, Алиша есімді қыздары мен кішкентай ұлы Арлан ата-анасының көз қуанышы болып өсіп келеді. Алиша Ғазизқызы өскенде атасы мен әкесінің мамандығын таңдап, дәрігерлер династиясын жалғастырмақ.
Бүгін 8-қараша Халықаралық рентгенолог күні. Ғазиз Болатұлын кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Отбасына бақ-береке еңбек жолына толайым табыс тілеміз!