ӘЗ-НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНДЫ
Наурыз - Жыл басы. Береке мен бірліктің нышаны, жаңару мен көркеюдің айшықты символы. Қашанда ұлылығын жоймаған Ұлттық мерекелеріміздің бірі. Дәл осы мезгілде Самарқанның көк тасы еріп, айнала гүлденіп, тіршілік атаулысына жан бітеді. Қаһарлы қыстан аман шыққан халқымыз жөн сұрасып, мерекенi атап өтеді.
Ұлыстың ұлы күнiн ұлықтау мақсатында бүгін көпбейінді аурухана қызметкерлері арасында да "Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз" мерекесі кең көлемде атап өтiлдi. «Береке басы – Әз-Наурыз» атты мерекелік салтанатты шараға аурухана бас дәрігері Баймаханов Жасұлан Болатбекұлы бастаған бас дәрігерлер мен сала ардагерлерi қатысты.
Шарада алғашқы құттықтау сөз көпбейінді облыстық ауруханасының бас дәрігері Баймаханов Жасұлан Болатбекұлы мен медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханұлына берiлiп, iзгi ниеттерiн жеткіздi.
Одан соң кезек марапатқа берiлiп, аурухананың перинаталдық бөлімшелер, нәрестелер реанимациясы мен патология бөлімшесінің меңгерушісі Бекжанова Индира Ерболатқызы мен анестезиология-реанимация бөлімшесінің дәрігері Жұмабеков Бек Төребекұлына облыстық денсаулық сақтау басқармасының "Құрмет" грамотасы табысталса, госпитальды фармация бөлімінің мейіргері Дiлдабекова Назкүл Мағұлымқызы, бухгалтер маман Тондиева Айгүл Жамсапқызы және №1 қалпына келтіру бөлімшесінің шаруашылық иесі Жарылғасынова Жаныл Тугелқызына басқарманың "Алғыс" хаты табысталды.
Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарлама мен дәстүрлi ойындарға жалғасып, ұлттық салт-дәстүр ұлықталды. Атап айтар болсақ, спорттық жарыста қазақ күресі, қол күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту секілді ұлттық ойындар тартысты өтті.







