«Аз инвазивті кардиохирургия (MICS)» тақырыбында шеберлік сабағы өткізілді.

Қазіргі таңда елімізде аз инвазивті операциялар Астана және Алматы қалаларындағы жетекші кардиохирургиялық орталықтарда жүргізілуде. Осы медициналық технологияны Қызылорда облысында енгізу мақсатында Алматы қаласындағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, еліміздің жетекші кардиохирургі Бауыржан Алдабергенұлы Рақышев шақырылды. Аталған орталықтың аз инвазивті тәсілмен ашық жүрекке 200-ден астам операция жасау тәжірибесі бар.

2026 жылғы 16–17 шілде күндері Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының Кардиология орталығында «Аз инвазивті кардиохирургия (MICS)» тақырыбында шеберлік сабағы өткізілді. Оның барысында алғаш рет анықталған туа біткен жүрек ақауы бар екі науқас – 41 жастағы әйел мен 46 жастағы ер адамға оң жақтағы IV қабырғааралық арқылы мини-торакотомия әдісімен жүрекшеаралық қалқа ақауын өз перикардының жамауымен пластикалау операциясы сәтті жасалды.

Қазіргі уақытта екі науқастың да жағдайы жақсы. Гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақты, операциядан кейінгі жаралары алғашқы тартылумен жазылып, екеуі де операциядан кейінгі алтыншы тәулікте ауруханадан шығарылды.

Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының кардиохирургия бөлімшесі өңірде аз инвазивті әдіспен ашық жүрекке жасалатын операцияларды одан әрі кеңінен енгізу жұмыстарын жалғастырады