АЙМАҚ МЕЙІРГЕРЛЕРІ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Бүгін көп бейінді облыстық аурухананың мәжіліс залында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының және Қызылорда облысы бойынша мейіргер ісі мамандарының Ассоциациясының ұйымдастыруымен 12-Мамыр – Халықаралық мейіргерлер күніне орай «Қызылорда облысы бойынша мейіргер қызметінің өзекті мәселелері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу, алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Жангельды Шаймбетов, Қызылорда облысы бойынша мейіргерлер ісі мамандарының координаторы Ғалия Искакова және аймақтағы барлық емдеу мекемелерінің мамандары қатысты.

«Мейіргер – мейірімі мен төзімділігі, өз ісіне жауаптылығы арқылы емделушінің дертінен айығуына үлкен септігін тигізетін жан. Облыста мейіргерлердің біліктілігін арттырып, олардың сапалы қызмет етуіне барлық жағдай жасалған. Елімізде оқу процесіне қолданбалы бакалавр, академиялық бакалавр біліктіліктері енгізіліп, мейіргерлік зерттеу жүргізіп, магистрлік, PhD-докторлық диссертация қорғауға мүмкіндік берілген. Бұл білім саласындағы жаңа бағыт – мейіргер ісінің өз алдына дамуына даңғыл жол ашып берді. Бүгінгі конференция сіздердің өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктеріңізді арттыруға септігін тигізеді деп сенемін. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді сала басшысының орынбасары Жангельды Мырзагельдиевич.

Іс-шара «12 мамыр-Халықаралық мейіргерлер күні» кәсіби мерекесіне орай «Мейіргер ісінде білім, ғылым және практиканың үштығырлығы» жобасын іске асыру жөніндегі Жол қартасы аясында ұйымдастырылған.

Конференцияда қалалық №6 емханасының бас мейіргері Тұрсын Сариева «Амбулаториялық жағдайдағы тәуелсіз мейіргер тәжірибесі» тақырыбында, облыстық перинаталдық орталығының акушері, облыстың штаттан тыс акушері Гүлзат Жұмабекова «Акушерлік қызметтегі мәселелер мен шешу жолдары» туралы баяндама жасады.

Ал Көп бейінді облыстық аурухананың бас мейіргері Жеңіскүл Нұрабаева «Мейіргерлік тәжірибеде бағалау шкалаларын қолдану» жөнінде, аталған аурухананың пациент қауіпсіздігінің стандарттарының сақталуына жауапты аға мейіргерлер тобы «Мейіргерлік практикадағы медициналық қауіпсіздік пен сапаны қадағалу» тақырыбында өз тәжірибелерін ортаға салды.

Сондай-ақ кардиологиялық жансақтау бөлімінің аға мейіргері Айткүл Сақтағанова «Ауруханадағы мейіргерлік қызметтегі индикатор көрсеткіштеріне қол жеткізу» тәжірибесімен, ал ішкі аудит бөлімінің мейіргері Диана Байтуман «Мейіргерлік құжаттамаға сараптама жүргізу және жұмыс сапасын бағалау» тақырыптарында біліктіліктерімен бөлісті.

Конференцияға қатысушыларға сертификаттар табысталды.