​«Астма мектебі» – денсаулықты бақылаудың маңызды қадамы

Көпбейінді облыстық ауруханасының аллерголог дәрігері Басқынбаева Айдын Иманғалиқызы «Астма мектебі» аясында бронхиалды астмамен ауыратын науқастарға арналған арнайы танымдық сабақ өткізді.

Сабақ барысында бронхиалды астманың пайда болу себептері, қауіп факторлары, аурудың алдын алу жолдары және ұстама кезінде көрсетілетін алғашқы көмек туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар науқастарға ауруды тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығы айтылып, күнделікті өмір сапасын жақсарту жолдары түсіндірілді.

Дәрігер пациенттерге ингаляция құралдарын дұрыс пайдалану тәсілдерін тәжірибелік түрде көрсетіп, әр қадам бойынша түсіндіріп өтті. Ингаляторды дұрыс қолдану дәрінің тиімді әсер етуіне және астма ұстамасының алдын алуға көмектесетіні айтылды.

Сабақ барысында мамандар тыныс алу жаттығуларын көрсетіп, пациенттерге дұрыс тыныс алу техникасы үйретті. Жаттығулар тыныс жолдарының жұмысын жақсартып қана қоймай, демікпе ұстамасының алдын алуға көмектеседі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – пациенттердің өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру, бронхиалды астма туралы дұрыс ақпарат беру және ауруды тиімді бақылауға үйрету.