АНА МЕН БАЛА ӨМІРІНІҢ САҚШЫЛАРЫ
Ана мен бала денсаулығын жіті қадағалап, әйел адамның саулығын арттыру үшін күні-түні қызмет атқаратын акушер мамандары үшін бұл күннің айтарлықтай маңызы зор. Жүктілікті жоспарлап, әйелдің босанғанға дейінгі ахуалы мен күтімі дәл осы абзал жандардың жауапкершілігіндегі. Тіпті, жүкті әйелдің көңіл-күйіне тікелей әсер ететін, бірге қуанып, қиын жағдайда демеу болатын кеңесші де осы акушер-гинекологтар.
1987 жылы ең алғаш Нидерландыда өткен конференцияда Халықаралық акушерлер қауымдастығы 5 мамыр акушерлер күні етіп белгілеуді ұсынды.
Бұл күн ресми мереке мәртебесіне 1992 жылы ғана ие болды. Бүгінде ол 50-ден астам елде, соның ішінде Қазақстанда да атап өтіледі. Мерекенің басты мақсаты-акушерлер жұмысының маңыздылығы туралы халықты ақпараттандыру.
Әр жүктілік пен босануда әйелдің денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі акушерлердің жұмысы маңызды. Өйткені ана мен баланың өмірі мен денсаулығы көбінесе акушерге, оның тәжірибесіне, білімі мен дағдыларына байланысты.
Облысымызда жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталса, ана өлімі 5,7 есе, сәби өлімі 13,4%-ға төмендеді. 2023 жылдың қорытындысымен 3 негізгі медико-демографиялық көрсеткіштің нысаналы индикаторына қол жетті.
Ана мен бала өлімін болдырмаудың
басты себептерінің бірі аналарды қорғау қызметтеріне, соның ішінде акушерлік көмекке қол жетімділікті арттыру қажет.
Көпбейінді облыстық ауруханада 70 орындық перинатальдық акушерлік бөлім ашылғалы 23 акушер қызмет атқарады.
Акушерлердің жұмысы таптырмас сұранысқа ие. Олар медициналық манипуляцияларды жүргізуде ғана емес, сонымен қатар әйелдерді босануға дайындауда, нәрестеге дүниеге келуге көмектесуде, өмірдің алғашқы минуттарынан бастап оған күтім жасауда дәрігерлердің алғашқы көмекшілері.
Барша акушер мамандарды Халықаралық акушерлер күнімен құттықтаймыз!
Мықты денсаулық, медициналық тәжірибеде сәттілік, бақыт және ұзақ өмір тілейміз!







