12 МАМЫР — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕЙІРГЕРЛЕР КҮНІ
Бүгін Көпбейінді облыстық ауруханада Халықаралық мейіргерлер күніне арналған салтанатты жиын жоғары деңгейде өтті. Сонымен қатар, мейіргерлер апталығы қорытындыланып, ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді.
Мерекелік шара барысында көпбейінді облыстық ауруханасының директоры Жасұлан Баймаханов сөз сөйлеп, барша мейіргерлерді кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз құттықтауында мейіргерлердің адам өмірін сақтаудағы өлшеусіз еңбегін атап өтіп, ақ халатты абзал жандарға ізгі лебізі мен алғысын білдірді.
Мерекелік кеш барысында өз ісіне адалдық танытып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар мамандар марапатталып, құрмет төрінен көрінді. Бұл — олардың тынымсыз еңбегі мен адам өміріне деген жанашырлығының айқын бағасы.
Сондай-ақ, осы күні бірқатар мейіргерлерге «Amanat» партиясының Алғыс хаты мен қалалық әйелдер кеңесінің мерекелік Алғыс хаттары табысталды. Бұл — мейіргерлердің адал еңбегі мен кәсіби біліктілігіне көрсетілген ерекше құрмет.
Кеш әсем әнмен айшықталып, жиналғандар мерекелік көңіл-күйге бөленді. Жылы лебіздер айтылып, мейіргер мамандығының маңыздылығы кеңінен дәріптелді.
Адам жанының арашасы болып жүрген барша мейіргерлерге алғыс білдіреміз! Абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем болсын







