ӘЗ НАУРЫЗ — ИГІЛІКТЕР БАСТАУЫ

Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамын Көпбейінді облыстық аурухананың ұжымы ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Дәстүрге айналған бұл мереке биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аурухана қызметкерлері ұлттық киім киіп, салт-дәстүрлерімізді дәріптеді.

Шараға облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков, аурухана директоры Жасұлан Баймахановпен сала ардагерлері қатысып, әріптестеріне ақ тілектерін арнады. Басқарма басшысы мен кәсіподақ ұйымы атынан қызметкерлерге марапат табысталды.

Мерекелік шара барысында ұжым мүшелері бір-біріне ақжарма тілектерін білдіріп, бірлік пен татулықты ту етті. Ұлттық әндер шырқалып, күй шертілді. Арнайы жайылған дастарқанда қасиетті наурыз көже дайындалып, қонақтарға ұсынылды. Сегіз түрлі дәмнен тұратын бұл тағам береке мен молшылықтың, ынтымақ пен бірліктің нышаны ретінде баршаға қуаныш сыйлады. Қыдыр ата ақ батасын берді.

Сонымен қатар, қатысушылар алтыбақан теуіп, арқан тарту, сияқты ұлттық ойындар ойнап, думанды тойдың көрігін қыздырды. Бұл ойындар ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жастарға үлгі болды.

Осындай іс-шаралар арқылы Көпбейінді облыстық аурухана ұжымы халқымыздың рухани құндылықтарын сақтауға және ұрпаққа өнеге етуге өз үлесін қосуда. Ұжымға татулық пен береке тілейміз!