СОЗЫЛМАЛЫ ЖҮРЕК АРТЕРИЯСЫ ОККЛЮЗИЯЛАРЫН ЕМДЕУДЕГІ ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕР
Қызылорда облыстық көпбейінді аурухана базасында созылмалы жүрек артерияларының окклюзияларын (ХОКА) емдеудің жаңа әдістеріне арналған шеберлік сабағы (мастер-класс) өтті. Бұл іс-шара интервенциялық кардиология саласындағы заманауи технологияларды тәжірибеге енгізу және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Шара Қызылорда облыстық көпбейінді аурухана директоры Ж.Б. Баймахановтың бастамасымен өтті. Оған медицина ғылымдарының кандидаты, Новосибирск қаласындағы «Центр новых медицинских технологий» мекемесінің рентгенэндоваскулярлық диагностика бөлімінің меңгерушісі Ларионов Анатолий Александрович арнайы шақырылды.
Шеберлік сабағы барысында маман өз тәжірибесіндегі күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, ретроградтық реканализация, гибридті тәсіл, және интракоронарлық визуализация сияқты заманауи әдістердің тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ, ауыр кальцинаттанған жүрек артерияларын тазалау үшін Rotopro ротоблациялық аппараты қолданылды.
Іс-шара барысында облыстың жеті науқасына жоғары технологиялық, күрделі оталар сәтті жасалды. Барлық пациенттердің жағдайы жақсы, олар үйге шығарылуға дайындалуда.
Мұндай шеберлік сабақтары аймақтық интервенциялық кардиологтардың кәсіби біліктілігін арттыруға, жаңа технологияларды тәжірибеге енгізуге және науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға зор үлес қосады.
Ларионов Анатолий Александровичтың тәжірибесі мен білімі отандық мамандарға жаңа емдеу тәсілдерін меңгеруде үлкен мүмкіндік беріп, өңір кардиологиясының дамуына серпін берді.







