Күрделі нейрохирургиялық операция сәтті орындалды

Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінде мойын омыртқасына жасалатын күрделі операция бойынша шеберлік сағаты өтті.

Науқас А жабық омыртқа жарақаты, С1 омыртқасының доғаларының сынуы, Джефферсон сынығы диагнозымен нейрохирургия бөліміне түсті.

Науқасқа алғаш рет Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханасы, нейрохирургия бөлімінде, Шымкент қаласынан келген медицина ғылымдарының кандидаты, нейрохирург А.Б Сансызбаеваның қатысуымен күрделі операция жасалды. Операция барысында артқы ортаңғы қолжетім арқылы С1-С2-С3 омыртқаларына фиксация жүргізілді.

Бұл операцияның күрделілігі – С1 және С2 мойын омыртқаларының анатомиялық аймағында миды қанмен және оттегімен қамтамасыз ететін негізгі омыртқалық артериялардың орналасуымен байланысты. Сондықтан нейрохирург омыртқалық артерияларды зақымдамай, анатомиялық тұрғыдан дәл бағытта жұмыс жасап, бұрандаларды омыртқалардың қауіпсіз аймағына орналастыруы қажет.

Операцияға нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі А.И. Абдукаликов, дәрігер-ординатор Н.С. Байдуйсенов бастаған жергілікті нейрохирургтар қатысты.

Шеберлік сағаты барысында жергілікті мамандар әріптестерінің тәжірибесімен танысып, күрделі техникалық операцияны орындау бойынша практикалық білімдерін жетілдірді. Алдағы уақытта бұл әдістерді жергілікті нейрохирургтар мойын омыртқасына жасалатын күрделі операцияларда өз бетінше қолданатын болады.

Шеберлік сағаты аясында барлығы 2 операция жасалды. Операциядан кейінгі кезеңде науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, неврологиялық тапшылық байқалмайды.

Бұл – нейрохирургия саласындағы заманауи әдістерді меңгеріп, медициналық көмектің сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам.