​КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАҒА ЕКІ ЖАҢА АВТОКӨЛІК ТАБЫС ЕТТІ

Бүгін өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Сырдың сол жағалауында жаңа қан орталығының ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шарада сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов та болды.

Бұған дейін қан орталығының өз алдына жеке ғимараты болмаған. Облыстық көпбейінді медициналық орталықта орналасқан еді. Жұмыс барысында орын тапшылығы сезілетін дейді қызметкерлері.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та жерлестерін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Айта кетейік, ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген болатын. Жыл сайын өңірде 10 мыңнан аса тұрғын донорлық қан тапсырады екен. Орталық медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындамақ.

Шара аясында аймақтың дансаулық сақтау саласының автопаркі де жаңа көліктермен толықты. Тамара Дүйсенова Көпбейінді облыстық аурухана директоры Жасұлан Баймахановқа екі жаңа санитарлық автокөліктің кілтін табыстады. Жаңа жедел жәрдем машиналары 11 медициналық мекеме аясында халық игілігіне қолданылады.