​ҰРПАҚТАН-ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАСҚАН ҰЛЫ МАМАНДЫҚ

Қоғам қайраткері, ағартушы, қаламгер Иса Тоқтыбаевтың төрт ұлының бірі Варлен Исаев дәрігер мамандығын таңдап, ұлт саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етті. Бүгінде Варлен Исаұлынан тараған ұрпақтар да дәрігерлер династиясын жалғастыруда.

Варлен Исаұлы Исаев — жоғары санатты дәрігер, "КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі". Ол 1950 жылы Қызылорда фельдшерлік-акушерлік мектебін үздік бітірген. Кейін Алматы медициналық институтының емдеу факультетінде жоғары медициналық білім алған. 1956 жылы институтты үздік бітіріп, Қызылорда облыстық ауруханасына отоларинголог болып қабылданды.

Төрт жыл жұмыс істегеннен кейін ол Мәскеудегі дәрігерлерді жетілдіру институтының жанындағы клиникалық резидентурада білімін жетілдіріп, Қызылордада резидент болып жұмыс істеді.

Отыз жыл бойы ЛОР бөлімін басқарды. Әр жылдары бас дәрігердің емдеу бөлімі бойынша орынбасары, ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы бойынша, емхана бөлімі бойынша облыс тұрғындарына шұғыл және консультациялық көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі болды.

Саналы ғұмырын ЛОР саласын дамытуға арнап, облыстық ауруханада жемісті еңбек етіп, елдің алғысына бөленді. Жас кадрларға жол көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Аймақ медицинасының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Мұнан бөлек, медициналық училищеде 30 жылдан астам сабақ берді. Оларға облыс аумағында, республикада және одан тыс жерлерде жұмыс істейтін 100-ге жуық маман даярланды. Жемісті еңбек етіп, адал қызмет үлгісін көрсеткен дәрігер "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген дәрігері" атағын иеленді.

Ол кісінің жұбайы Валиева Иралия Гениатовна да балалар инфекционист дәрігері. Денсаулық сақтау ісінің үздігі “Ерен еңбегі үшін", “Құрмет белгісі" орденімен марапатталған. Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ақ халатты абзал жандардың қыздары, күйеу балалары мен немерелері де дәрігер мамандығын таңдап дәрігерлер династиясын жалғастырып отыр.

Текті әулеттен тараған Мақатова Ғалия Нұрқызы 1987 жылдан бастап, зейнетке шыққанша облыстық балалар ауруханасында неонатолог дәрігер болып жұмыс істеді. Жолдасы Мақатов Мұрат Болатұлы балалар хирургі болып жемісті еңбек етті.

Исаева Әлия Варленқызы, 1991 жылы Қызылорда облыстық ауруханасының реанимация бөліміне резидент дәрігер болып қабылданды. 2000 жылы ОМО жанындағы қан құю бөлімшесінің меңгерушісі, 2001 жылы оған қосымша – операциялық – анестезиологиялық бөлімшенің меңгерушісі болып тағайындалды. Қазіргі уақытқа дейін жауапты трансфузиолог-дәрігер және операциялық бөлімшенің меңгерушісі болып табылады. Жұбайы

Шүкіров Күнболат Сейтжанұлы да білікті хирург.

Ата-анасының дәрігерлік жолын жалғастырған Мақатова Данара Мұратқызы — Көпбейінді облыстық ауруханың невропатолог дәрігері. Дәрігерлер династиясының үшін­ші буынын жалғаған білікті кадр елдің алғысына бөленіп жүр.

Әке мен ананың жолын жалғаған ұрпақтары, үлкен жауапкершілікті талап ететін дәрігер мамандығын таңдап, Сыр медицинасының даму жолында жемісті еңбек етіп келеді. Ақ халатты абзал жандардың династиясы жалғасын таба бергей.