​14 ҚАРАША - ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚАНТ ДИАБЕТІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮНІ

Қант диабеті – әлем бойынша таралуы кеңейіп бара жатқан созылмалы аурулардың бірі. Сол себепті де 1991 жылы Халықаралық диабет федерациясы ДДҰ-мен бірлесіп 14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні деп бекітті. Қазіргі таңда әлем бойынша 463 миллионнан аса адам дәл осы аурумен есепте тұр. Ал, облыста қант диабетімен 16 211 адам тіркелген. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Көпбейінді облыстық ауруханасының эндокринолог дәрігері Меруерт Бодықова әріптесімен бірге кеңестерімен бөлісті.

Қант диабеті қазіргі заманның жаһандық проблемаларының бірі болып табылады. Ол эндокриндік аурулар құрамында 60-70 пайызды алса, қант диабетінің кең таралған түрі – эндокриндік патология.

– Эпидемиологиялық зерттеулердің деректері бойынша жыл сайынғы өсім науқастардың жалпы санының 5,9 пайызын құрайды. Бұл ретте әрбір 15 жыл сайын қант диабетімен ауыратын науқастар саны екі есе артуда. Қант диабетінің ең басты себептерінің бірі – тамақтану салтының өзгеруі, атап айтқанда қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалану. Қызылорда облысы бойынша мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда 16 211 адам есепте тұрады. Оның ішіндегі ер адамдар саны - 7 021 болса, әйелдердің саны 9 882-ні құрайды,- деді көпбейінді облыстық ауруханасының эндокринолог дәрігері Меруерт Бодықова.