​ҚАРИЯ ҚАЙТАДАН ЖҮРЕ БАСТАДЫ

Көпбейінді облыстық ауруханада 90 жастағы қарияға ота жасалды. Құрманкүл Рахымжанова үй жағдайында құлап, жарақат алған. Дәрігерлер қарияның «аяғымды баса алмай қалдым, сыздап ауырады» деген шағымына жан-жақты тексеру жүргізіп, «Оң сан ортан жілігінің мойнының субкапитальды ығысқан жабық сынығы» диагнозын қойды.

Білікті мамандар науқастың оң жақ жамбас-сан буынына эндопротездеу отасын жасады. Ота сәтті өтіп, бүгінде қарт ана қайтадан аяғына тұрып, өздігінен жүре бастады.

— Егде жастағы адамдарда ортан жіліктің проксимальды аймағының сынықтары (ортан жілік мойны мен ұршықаралық сынықтар) жиі кездеседі. Бұл көбіне сүйек тінінің остеопорозға ұшырауымен байланысты. Осындай жағдайларда қазіргі медициналық талап бойынша 1–2 тәулік ішінде операция жасау науқасты ерте қозғалысқа келтіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тромбоэмболия, ойық жара, өкпе мен жүрек асқынулары, ұзақ жатып қалу салдарынан болатын қауіптердің алдын алады — дейді травматология бөлімшесінің травматолог-дәрігері Нұрман Рахманұлы.