​РЕАБИЛИТАЦИЯ БӨЛІМШЕСІ №1

«Денсаулықтан айырылған жанға үміт сыйлау – үлкен жауапкершілік, ал сол үмітті ақтап, өмірге қайта қанат бітіру – дәрігерлердің асыл миссиясы.»

Реабилитация бөлімшесі №1 – науқастардың жоғалтқан денсаулығын қалпына келтіріп, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бөлімшелердің бірі. Мұнда әрбір науқастың ертеңгі күнге деген сенімі артып, сауығуға деген жігері нығая түседі. Заманауи медицинаның мүмкіндіктері мен білікті мамандардың кәсіби тәжірибесі ұштасқан бұл бөлімше – сауығуға бастар сенімді жол.

Бөлімше меңгерушісі – Абенова Ғалия Ибадуллақызы, жоғары санатты дәрігер. Оның жетекшілігімен бөлімше ұжымы әрбір науқасқа жан-жақты әрі сапалы оңалту көмегін көрсетіп келеді.

Реабилитация бөлімшесінің негізгі мақсаты – жүйке жүйесі аурулары бар және жедел неврологиялық аурулардан кейінгі науқастардың денсаулығын қалпына келтіру.

Бөлімшеде келесі аурулар бойынша емдеу және оңалту шаралары жүргізіледі:

Бас миы қан айналымының жедел бұзылыстарынан кейінгі жағдайлар, дисциркуляторлық және гипертензиялық энцефалопатиялар;

Шеткі жүйке жүйесінің аурулары: радикулиттер, остеохондроздар және ламинэктомиядан кейінгі жағдайлар;

Арахноидиттер: жарақаттан, нейроинфекциядан кейінгі және жұлын арахноидиттері;

Невриттер мен невралгиялар;

Тірек-қимыл аппаратының дегенеративті-дистрофиялық аурулары.

Науқастардың тез әрі тиімді сауығуы үшін бөлімшеде заманауи емдеу және диагностикалау әдістері кеңінен қолданылады. Кешенді оңалту бағдарламасын тәжірибелі әрі білікті мамандар жүзеге асырады.

Көпбейінді облыстық аурухана базасында жүргізілетін кешенді ем құрамына:

Медикаментоздық терапия;

Су емшаралары: бассейн, гидромассаж, душ, ванналар, су асты тарту және бальнеотерапия;

Физиотерапиялық емдеу әдістері: массаж, аэрозольтерапия, парафинмен емдеу, құрғақ тарту, электросон, УЖЖ (УВЧ), СМТ-форез, ультракүлгін сәулемен емдеу, электрофорез және амплипульс-терапия;

Емдік дене шынықтыру және механотерапия;

Гипербариялық оксигенация;

Рефлексотерапия кіреді.

Реабилитация бөлімшесі

№1 – денсаулықты қалпына келтірудің ғана емес, адамның өмірге деген сенімін қайта жаңғыртатын ерекше бөлімше. Мұнда әрбір ем-шара, әрбір жанашыр сөз бен қамқорлық науқастың сауығып, қалыпты өмірге қайта оралуына бағытталған. Ақ халатты абзал жандардың біліктілігі мен мейірімі талай адамның тағдырына оң өзгеріс әкеліп, жаңа үміт сыйлап келеді.

Медицина қызметкерлері күні құтты болсын!

Құрметті медицина қызметкерлері! Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, төзімділіктеріңіз бен жанашырлықтарыңыз көптеген жандардың денсаулығын қалпына келтіріп, өмірге деген сенімін арттыруда. Еңбектеріңіз әрдайым еленіп, мерейлеріңіз үстем, абыройларыңыз асқақ болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс пен толағай жетістіктер тілейміз. Сіздердің шипалы қолдарыңыз бен ақ жүректеріңіз талай жанға қуаныш сыйлап, халқымыздың алғысына бөлене берсін!

«Денсаулыққа бастар жол – сіздердің жанашырлықтарыңыз бен адал еңбектеріңізден бастау алады!»