​НЕЙРОИНСУЛЬТ БӨЛІМШЕСІ

Нейроинсульт бөлімшесі – жедел бас миы қан айналымы бұзылысы (инсульт) бар науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін маңызды құрылымдық бөлімше.

Бөлімше 2012 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істейді және Қызылорда облысы тұрғындарына тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Қазіргі заманғы диагностикалық және емдеу әдістерін қолдана отырып, инсульттің салдарын азайтуға және науқастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған қызмет атқарады.

Бөлімше Көпбейінді облыстық аурухананың F блогының 2-қабатында орналасқан. Ол 50 төсек-орынға арналған 24 палатадан тұрады, оның ішінде 6 қарқынды терапия палатасы бар. Мұнда ишемиялық және геморрагиялық инсультке шалдыққан науқастарға жоғары білікті медициналық көмек көрсетіледі.

Инсульт – ми қан айналымының жедел бұзылысы нәтижесінде дамитын, адам өміріне қауіп төндіретін ауру. Оның негізгі түрлері – ишемиялық және геморрагиялық инсульт.

Аурудың негізгі қауіп факторларына артериялық гипертензия, жүрек аурулары, атеросклероз, қант диабеті және зиянды әдеттер жатады. Инсульттің алғашқы белгілері байқалған жағдайда науқасқа уақытылы медициналық көмек көрсету оның өмірін сақтап қалуда және асқынулардың алдын алуда шешуші рөл атқарады.

Бөлімшеде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы клиникалық хаттамаларына сәйкес диагностика мен емдеу жүргізіледі. Науқастар компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, зертханалық және аспаптық зерттеулерден өтіп, көрсетілімдер бойынша тромболитикалық терапия және басқа да заманауи емдеу әдістерін қабылдайды.

Сонымен қатар, бөлімше нейрохирургия, нейрореанимация және нейрореабилитация бөлімшелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Нейроинсульт бөлімшесі Қызылорда облысында инсультке шалдыққан науқастарға жоғары сапалы, қолжетімді және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жетекші орталықтардың бірі болып табылады.

Бөлімше дәрігерлері мен орта буын медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында науқастарға дер кезінде диагностика жүргізіліп, тиімді емдеу шаралары ұйымдастырылады.

Заманауи технологияларды, халықаралық тәжірибелерді және дәлелді медицина қағидаларын енгізу арқылы бөлімше инсульттен болатын өлім-жітім мен мүгедектікті азайтуға өз үлесін қосып келеді.

Сондай ақ, тұрғындар арасында инсульттің алдын алу, алғашқы белгілерін тану және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.