НӘРЕСТЕЛЕР ПАТОЛОГИЯСЫ МЕН ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМШЕСІ
«Әрбір сәбидің өмірі – тұтас бір әлемнің үміті. Сол үмітті сақтап, жүрекке жылу, өмірге сәуле сыйлайтын жандар – ақ халатты абзал мамандар.»
Жаңа өмірдің бастауында тұратын, өмір үшін арпалысқан әрбір сәбидің амандығына жауапты болатын Нәрестелер патологиясы мен жансақтау бөлімшесі – мейірім мен кәсібилік тоғысқан ерекше бөлімше. Мұнда жаңа туған нәрестелерге тәулік бойы жоғары деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп, олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға барлық жағдай жасалған.
Бөлім меңгерушісі – Бекжанова Индира Ерболатқызы, 14 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты неонатолог дәрігер. Оның басшылығымен бөлімше ұжымы шала туған, аз салмақты және ауыр жағдайда дүниеге келген нәрестелерге сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетуде.
Бөлімше экстрагениталды патологиясы бар жүкті әйелдерден туған нәрестелерге және мамандандырылған көмекті қажет ететін сәбилерге қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, медициналық авиация
желісі арқылы аудандық жерлердегі жаңа туған нәрестелерге көмек көрсетіліп, облыс неонатологтары Шиелі және Жаңақорған аудандарына үздіксіз кураторлық қолдау жасайды.
Бөлімше үш бағыт бойынша жұмыс атқарады:
Нәрестелер жансақтау бөлімі – 6 төсек-орын;
Жоғары тәуелді нәрестелер бөлімі – 14 төсек-орын;
Арнайы күтім нәрестелер бөлімі – 30 төсек-орын.
Бөлімшеде тек нәрестелердің ғана емес, аналардың да жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе, отадан кейінгі ауыр жағдайдағы аналардың сәбилеріне арнайы күтім көрсетіліп, аналарға дәрігерлер мен мейіргерлер тарапынан жан-жақты қолдау мен психологиялық көмек беріледі.
Мұнда ультрадыбыстық диагностика, эхокардиография, зертханалық және функционалдық зерттеулер жүргізіліп, қажет болған жағдайда салалық мамандардың бірлескен кеңесі ұйымдастырылады. Барлық емдеу және диагностикалық жұмыстар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Аға мейіргер – Беркімбай Нұргүл Беркімбайқызы, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, мейірімі мен қамқорлығын әрбір нәрестеге арнайтын білікті маман.
Нәрестелер патологиясы мен жансақтау бөлімшесі – өмір үшін күрестің, үміт пен сенімнің, жанашырлық пен жауапкершіліктің символы. Бұл бөлімшенің әрбір қызметкері жаңа өмірге келген сәбилердің дені сау болып өсуі үшін аянбай еңбек етіп, көптеген отбасыларға бақыт пен қуаныш сыйлап келеді.
Медицина қызметкерлері күні құтты болсын!
Қадірлі ақ халатты абзал жандар!
Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз бен шексіз мейірімдеріңіз мыңдаған отбасының жүрегіне үміт ұялатып, талай сәбиге өмір сыйлап келеді.
Еңбектеріңіз әрдайым еленіп, мәртебелеріңіз биік, абыройларыңыз асқақ болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға толағай табыс, сарқылмас күш-қуат тілейміз.
Әрбір сәби күлкісі сіздердің ең үлкен марапаттарыңызға айналып, ақ халаттарыңызға деген халықтың алғысы мен құрметі ешқашан ортаймасын!
Ақ халатты абзал жандардың еңбегі – адамзатқа қызмет етудің ең асыл үлгісі!







