​КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАДА ҚОРЫТЫНДЫ ЖИЫН ӨТТІ

Көпбейінді облыстық ауруханада 2025 жылдың қорытындысы бойынша есеп беру жиыны өтті. Жиынға облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлы қатысты.

Жиында аурухана директоры Жасұлан Баймаханов баяндама жасап, өткен жылы жергілікті бюджет пен мекеме есебінен 1 111,7 млн теңге бөлініп, аурухананың заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толыққанын атап өтті.

2025 жылы ауруханада 26 253 науқас ем қабылдап, оның 11 208-іне ота жасалды. 142 азаматқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Ауруханада алғаш рет бауыр трансплантациясы сәтті жүзеге асырылды. Сонымен қатар, соңғы екі жылда 10 науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Өткен жылы 6 жаңа ота түрі енгізілді. Олардың қатарында кардиохирургия саласындағы кіші инвазивті АКШ отасы және нейрохирургиядағы түбікті микродискэктомия бар.

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында 7 дәрігер елімізде, 6 дәрігер Германия, Ресей, Белоруссия елдерінде тәжірибе жинады.

Акушерлік бөлімде 1836 сәби дүниеге келді, оның ішінде 39 егіз және 1 үшем бар. Ал жансақтау және жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінде 1836 нәрестеге медициналық көмек көрсетілді.

Жиын барысында директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлсім Бержаппарова және пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметі жөніндегі орынбасары Аягуз Утебаева өз бағыттары бойынша баяндама жасады.

Қорытынды сөзінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ермекұлы ұжымның жұмысына жоғары баға беріп, медицина саласына көрсетілетін қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ, ұжымды ауызбіршілікпен еңбек етіп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге шақырды.