​КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Аймақтағы іргелі медициналық мекеме – Көпбейінді облыстық ауруханада Жаңа жыл мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Басқосуда аурухана директоры Жасұлан Баймаханов ұжымның жыл бойы атқарған жұмысына тоқталып, жеткен жетістіктерін атап өтіп, әріптестерін алдағы жаңа жылмен құттықтады.

Көпбейінді облыстық ауруханада жоғары технологиялық медициналық көмектің бірнеше түрі көрсетіледі. Жыл басынан бері 20 мыңнан астам науқас ем қабылдады. 1 бауыр, 5 бүйрек трансплантациясы жасалып, 10 000-ға жуық ота сәтті орындалды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықты. Сонымен қатар, медициналық мекеменің 5 дәрігері Германия, Ресей және Беларусь мемлекеттерінде біліктілігін арттырып қайтты.

Аурухананың акушерлік бөлімінде жыл басынан бері 1677 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 36 егіз және 1 үшем бар. Ал жансақтау және жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінде 623 нәрестеге медициналық көмек көрсетілді.

Салтанатты шара барысында ұжым қызметкерлері лотереялық ұтыс ойынына қатысып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Бірлік пен еңбекке негізделген ұжым жаңа жылға айқын мақсаттармен қадам басты.

Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын!