​ГИНЕКОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІ

Гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Камзаев Айдос Әуелбекұлы.

Гинекология бөлімшесі – әйелдер денсаулығын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған мамандандырылған құрылымдық бөлімше. Бөлімше заманауи диагностикалық және хирургиялық емдеу әдістерін қолдана отырып, жоғары білікті медициналық көмек көрсетеді.

Бөлімше 30 төсекке арналған:

15 төсек – хирургиялық емге;

15 төсек – консервативті емге және жүктілікті медициналық көрсеткіштер бойынша үзуге арналған.

Акушерлік-гинекологиялық қызметтің тарихы 1925 жылдан бастау алады. Сол жылы Қызылорда қаласында 30 төсектік акушерлік-гинекологиялық бөлімі бар клиникалық аурухана ашылды. Кейінгі жылдары бөлімнің материалдық-техникалық базасы нығайып, қызмет көрсету аясы кеңейді.

Гинекологиялық қызметтің дамуына Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері М.Г. Егорова, сондай-ақ Т.Ф. Голубева, А.Т. Елемесова, М.В. Яковлева, Н.К. Давыдова сынды тәжірибелі мамандар зор үлес қосты.

Заманауи диагностикалық мүмкіндіктер:

Трансабдоминальді және трансвагинальді ультрадыбыстық зерттеу;

Диагностикалық лапароскопия;

Гистероскопия;

Гистеросальпингография;

Барлық заманауи зертханалық зерттеулер.

Бөлімшеде орындалатын негізгі операциялар:

Аналық бездер мен жатыр қосалқыларын

жасалатын операциялар;

Жатырды алып тастау операциялары;

Жатырдың төмен түсуіне байланысты пластикалық операциялар;

Жатыр миомасы мен эндометриозға жоспарлы хирургиялық ем;

Аналық без кисталары мен ісіктеріне операциялар;

Жатыр мойны патологияларына пластикалық операциялар;

Қынаптық жолмен орындалатын операциялар.

Лапароскопиялық әдіспен:

- Ұрықсыздықтың әртүрлі түрлері;

- Жатырдан тыс жүктілік;

- Аналық без және жатыр түтігі ісіктері;

- Кіші жамбас қуысының жабысқақ процестері емделеді.

Заманауи технологиялар

1998 жылдан бастап бөлімшеде эндоскопиялық хирургия кеңінен енгізілді. Қазіргі таңда диагностикалық лапароскопия, гистероскопия, кольпоскопия және эндоскопиялық операциялар тұрақты түрде орындалады.

2010 жылдан бастап жатырдың субмукозды миомасын емдеуде эндоваскулярлы хирургтармен бірлесіп жатыр артерияларын эмболизациялау әдісі қолданылады.

Бөлімше Karl Storz және Richard Wolf фирмаларының заманауи эндоскопиялық құрылғыларымен жабдықталған. Сонымен қатар физиотерапия, озонотерапия, плазмаферез және гипербариялық оксигенация сияқты емдеу әдістері кеңінен пайдаланылады.

Бөлім дәрігерлері санитарлық авиация желісі арқылы облыстың барлық аудандарына мамандандырылған көмек көрсетеді және өздерінің кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады.

Гинекология бөлімшесі – әйелдер денсаулығын қорғауға бағытталған тәжірибе мен заманауи медицинаның үйлесімі. Бөлім ұжымы әрбір пациентке сапалы, қауіпсіз және тиімді медициналық көмек көрсету жолында аянбай еңбек етуде.