​«DARIGER TALKS»: ДЕМЕУ МЕН ДАМУ

Еліміздің бас қаласында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен «Amanat» партиясы ұйымдастырған «Dariger Talks» диалог алаңы өтті. Онда Қоғам қайраткерлері дәрігерлердің ел өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту Мемлекет басшысының назарында екенін жеткізді.

«Dariger Talks» платформасы отандық медицина мәселелерін ашық талқылау және оны одан әрі дамыту бойынша өзекті міндеттерді әзірлеу үшін маңызды алаң болды. Диалог алаңында мамандар денсаулық сақтаудың бүгіні мен болашағы туралы ашық әңгімелесті. Шараға 600-ден астам дәрігер мен ғалымдар, мейіргерлер, медициналық ұйымдардың басшылары және барлық өңірлерден сарапшылар жиналды. Ауқымды шараға қатысқан Көпбейінді облыстық аурухананың Терапия-1 бөлімшесінің меңгерушісі, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, дәрігер эндокринолог Цхай Елена Павловна жеке қалыптасу тарихымен бөлісіп, әріптестерімен бірге Эндокринология бағытындағы кәсіби сын-тегеуріндерді талқылады.

Елена Павловна — ауруханамызда жиырма бес жылға жуық жемісті еңбек етіп келеді. Білікті маман, ұстаз, шебер ұйымдастырушы ретінде түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Облыс халқына өзінің кәсіби біліктілігімен танымал. 2012 жылы Эндокринология бөлімшесінде қант диабетімен ауратын науқастарға тәуліктік қант құрамындағы глюкозаны тәулік бойынша өлшейтін «GRAND I-PRO» препаратты қолдану тәсілін енгізді. Елена Павловна жетекшілік ететін Терапия-1 бөлімшесінде өткен жылы 964 науқас эндокринология саласы бойынша ем алған. Ал жыл басынан бері 387 науқас медициналық көмекке қол жеткізді.

Жиын соңында Астанаға арнайы келіп, мазмұнды жиында өз тәжірибесімен бөліскен Елена Павловнаға кәсіби қызметіндегі еңбегі үшін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы «Мейірімді жүрек» төсбелгісін табыс етті. Біз әріптесімізді мерекесімен әрі марапатымен құттықтаймыз! Дені зор саулық, қызметіне табыс, отбасына бақыт тілейміз!