АЙМАҚ БАСШЫСЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН ДӘРІГЕР ШЕТ ЕЛДЕ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ
Өңірде дәрігерлерді шетелде оқыту үрдісі соңғы 5 жылда қайта жаңғыртылып, қолға алынды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының қолдауымен Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының терапевт-дәрігері Айнұр Смаханова Литваның Каунас қаласындағы Lithuanian University of Health Sciences “Kauno klinikos” клиникасында біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Халықаралық деңгейдегі бұл бағдарлама аясында дәрігер аллергология және клиникалық иммунология саласы бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибе жинақтады. Курс барысында Айнұр Смаханова иммун тапшылығы ауруларының диагностикасы мен емдеу әдістерімен жан-жақты танысты.
Сондай-ақ ол аллерготесттер жүргізу барысында қолданылатын заманауи диагностикалық аппараттармен жұмыс істеуді меңгерді. Атап айтқанда, әртүрлі аллергендік топтарға арналған patch-test (жабысқақ сынама), temp-test (температуралық тест), фотодермальды тест (күн сәулесіне сезімталдықты анықтау), сондай-ақ метахолинмен бронхопровокациялық тест жүргізу әдістерін тәжірибе жүзінде көріп, үйренді.
Бұл біліктілік арттыру сапары отандық медицинада иммунологиялық және аллергиялық ауруларды ерте диагностикалау мен тиімді емдеуді жетілдіруге жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Айта кету керек, өткен жылы жергілікті бюджет қаражат есебінен бір топ мамандар біліктілігін арттырды. Бұл шаралар дәрігерлердің біліктілік деңгейін арттыруға және өңірдегі медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.